Маңыздылықты талдау

GRI 3-1

2022 жылғы 30 маусымда GRI Sustainability Reporting Standards (GRI Standards) жаңартылған қаржылық емес есептілік стандартына сәйкес есепті кезеңде ағымдағы жылдық есепті дайындау кезінде Компанияның елеулі әлеуетті және нақты әсерлерін талдауға негізделген маңыздылығын бағалау жүргізілді. Бағалау Компания басшылығы мен мүдделі тараптар өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесі болды.

Бағалауды жүзеге асыру үшін Компанияның ішкі мүдделі тараптарымен бірқатар сұхбаттар жүргізілді, олардың шеңберінде Компанияның экономикаға, қоршаған ортаға және адам құқықтарына елеулі әсері талқыланды. Сыртқы мүдделі тараптардың пікірлері де ескерілді. Сұхбат және сауалнама нәтижелері бойынша Компания басшылығы анықталған әсерлерді олардың маңыздылығы мен өзектілігі дәрежесі бойынша саралады, сондай-ақ оларды маңызды тақырыптардың тізімін қалыптастыру үшін топтастырды.

Әлеуметтік аспектілер
  1. Қызметкерлер мен басшылықтың қарым-қатынасы;
  2. Жұмыспен қамту;
  3. Денсаулық пен жұмыс орнындағы қауіпсіздік;
  4. Жергілікті қауымдастықтар;
  5. Қызметкерлерді оқыту және дамыту;
  6. Әртүрлілік және тең мүмкіндіктер;
  7. Қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік бағдарламалар;
  8. Адам құқықтарын сақтау;
  9. Жұмыстағы стресс және төзімділік.
Экологиялық аспектілер
  1. Биоалуантүрлілік;
  2. Климаттың өзгеруі және көміртегі;
  3. Энергия тиімділігі;
  4. Ластаушы заттардың шығарындылары;
  5. Қалдықтарды басқару;
  6. Су ресурстарын басқару.
Корпоративтік басқару аспектілерi
  1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;
  2. Жанама экономикалық әсерлер;
  3. Экономикалық тиімділік;
  4. Сатып алу тәжірибесі;
  5. Нарық және бәсекелестік;
  6. Инновация және жаңа технологиялар;
  7. Корпоративтік этика;
  8. Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау.
GRI 3-2

2021 жылғы біріктірілген жылдық есепте ашылған тақырыптармен салыстырғанда «Қауымдастықтар мен ұжымдық келіссөздер жүргізу еркіндігі», «Ұйымдарды/мемлекеттік органдарды қолдау», «Кемсітушілікке жол бермеу», «Қызмет көрсету сапасы», «Экологиялық сәйкестік» тақырыптары 2022 жылы маңыздылығын бағалау нәтижелері бойынша маңызды тақырыптар тізіміне енген жоқ, есеп беру кезеңінде «Жұмыспен қамту», «Жергілікті қауымдастықтар», «Қызметкерлерге еңбекақы төлеу және әлеуметтік бағдарламалар», «Жұмыстағы стресс және төзімділік», «Жанама экономикалық әсерлер», «Сатып алу тәжірибесі», «Корпоративтік этика» және «Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау» тақырыптары маңызды болып таңдалды.

2023 жылға және орта мерзімді келешекке арналған жоспарлар

Компания тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған келесі іс-шараларды орындауды жоспарлап отыр:

  1. 2030 жылға дейін төмен көміртекті дамуға көшу жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау.
  2. Тұрақты даму саласындағы нысаналы көрсеткіштерді Топ-менеджментті ынталандыру жүйесіне енгізу.
  3. Халықаралық ESG рейтингін алу.
  4. Мүдделі тараптар картасын өзектендіру.