Реттеу саласына шолу

«Қазақтелеком» АҚ-ның негізгі қызмет бағыттарының (қызметтерінің) сипаттамасы:

«Қазақтелеком» АҚ Жарғысының 7-бабының 1-тармағына сәйкес Компания жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісін және телекоммуникациялардың жеке жүйелерін құру, монтаждау, пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін Қазақстан Республикасының байланыс операторы ретінде қызметін жүзеге асырады, жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі операторының және басқалармен қатар Халықаралық Электр байланысы одағының Регламентіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердің Байланыс әкімшіліктерімен, компаниялар, пайдаланушылар, халықаралық ұйымдармен есеп жүргізу құқығымен қалаларалық және халықаралық операторының қызметін орындайды.

Қазақстан Республикасы заңнамасының 2022 жылғы мемлекеттік реттеуші нормалары:

«Қазақтелеком» АҚ-ның қызметін регламенттейтін ­Қазақстан Республикасының негізгі заңнамалық актілері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік ­Кодексі, Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы», ­«Табиғи монополиялар туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдары болып табылады.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде мемлекеттік реттеуге және кәсіпкерлікті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Кәсіпкерлік Кодекске 2022 жыл ішінде әртүрлі сипаттағы өзгерістер енгізілді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 03.01.2022 жылғы Заңына сәйкес 01.07.2022 жылдан бастап «Мемлекеттік монополия және арнайы құқық» КК-нің 193-бабының жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді.

Бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге және (немесе) сатып алуға нарық субъектісінің заңда бекітілетін айрықша немесе артықшылықты құқығы арнайы құқық болып табылады Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік арнайы құқық субъектісі бола алады. Акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайыздан азы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісі деп айқындауға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны арнайы құқық субъектісі деп айқындау мүмкін болмаған кезде ғана жол беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілері үшін шектеулер белгіленеді.

Монополияға қарсы орган арнайы құқық субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың бағасына сараптама жүргізеді. Арнайы құқық субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидаларын монополияға қарсы орган бекітеді.

Осы Заңмен 07.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізілген КК-нің 176-1-бабының ережесі аса маңызды болып табылады. Бұл норма негізгі қуатқа қол жеткізу тетігін енгізуді көздейді. Мәселен, КК-ның 176-1-бабының 1-тармағында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауары, инфрақұрылым объектісі (бұдан әрі — негізгі қуатты иеленуші) негізгі қуат болып табылады, оларға қол жеткізбей басқа да нарық субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауарды өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайтыны белгіленеді. Осы норма шеңберінде Компания монополияға қарсы орган айқындаған талаптармен негізгі қуат деп танылатын өзінің телекоммуникациялар желісін, РЖС және басқа да инфрақұрылымды пайдалану үшін нарықтың басқа субъектілеріне беруге мәжбүр.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 03.01.2022 жылғы Заңымен 07.03.2022 жылдан бастап «Сенім білдірілген адам» КК 210-1-бабы қолданысқа енгізілді. Осы баптың ережелеріне сәйкес монополияға қарсы органның экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы шешімінде көзделген талаптар мен міндеттемелердің орындалуына сараптамалық бағалау жүргізу үшін нарық субъектісі осы баптың талаптарына сәйкес айқындалатын сенім білдірілген адамды тартуға құқылы. Экономикалық шоғырланудың нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша арнайы ғылыми немесе практикалық білімі бар адам сенім білдірілген адам болып табылады. Сенім білдірілген адам мен нарық субъектісі арасында монополияға қарсы орган бекітетін үлгілік нысан бойынша шарт жасалады. Сенім білдірілген адам монополияға қарсы органды шарт жасалғаны туралы ол күшіне енген күннен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді. Сенім білдірілген адам экономикалық шоғырлануға қатысушыларға қатысты тәуелсіз болуға тиіс.

Монополияға қарсы орган сенім білдірілген адамдардың тізілімін монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді. Сенім білдірілген адамдардың тізіліміне кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері ұсынатын кандидаттар енгізіледі.

Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» (бұдан әрі — Байланыс туралы заң) Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 14.07.2022 ж. № 141-VІI Заңына сәйкес:

1. Байланыс туралы Заңнан «басым байланыс операторы» ұғымы және онымен байланысты барлық ұғым алынып тасталды;

2. 14.09.2022 бастап байланыс операторлары үшін Байланыс туралы Заңның 3-тармағына өзгеріс және 25-бабына 3-1-тармаққа толықтыру енгізу арқылы жаңа міндеттер енгізілді:

  • «3. Халықаралық трафикті өткізу Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеу тәртібінің сақталуы ескеріле отырып, халықаралық байланыс операторларының желілері арқылы ғана жүзеге асырылады»;;
  • «3-1. Қазақстан Республикасының аумағында байланыс операторларының интернет-трафикті өткізуі Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеу тәртібінің сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылады».

3. Байланыс туралы Заңның 29-бабының 6-тармағы мынадай мазмұндағы екінші толықтырылды:

«Талшықты-оптикалық байланыс жолдары (ТОБЖ) электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен, электр қондырғыларын орнату қағидаларына сәйкес электр берудің әуе жолдары арқылы жүргізілуі мүмкін». Бұл болашақта оларды төсеу шығындарын азайта отырып, ел аумағында ТОБЖ ұлғайту процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы табиғи монополиялар субъектiлерi ұсынатын Қазақстан Республикасының көрсетілетін қызметтер нарығында туындайтын қатынастарға қолданылады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару, мемлекеттік шекара, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ­Қазақстан Республикасының 30.06.2022 ж. № 130-VІI Заңына сәйкес «Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңының 22-бабының 3-тармағы өзгертіліп, мынадай редакцияда жазылған:

  • «3. Тарифті өзгерту уәкілетті органның бастамасы бойынша — жылына екі реттен жиілетпей, ал табиғи монополия субъектісінің бастамасы бойынша жылына бір реттен жиілетпей жүзеге асырылады».

Бұдан басқа, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасының Салық кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі, «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңы сияқты «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметінде пайдаланылатын Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жалпы сипаттағы әртүрлі өзгерістер енгізілді.