Басқарма төрағасының үндеуі
Құрметті акционерлер, инвесторлар, клиенттер және серіктестер!
Өткен 2022 жыл «Қазақтелеком» үшін күрделі, бірақ соңында нәтижелі жыл болды. Компания мен оның акционерлері бірінші және екінші жартыжылдықтағы бірқатар жағымсыз оқиғаларға байланысты туындаған объективті қиындықтарға қарамастан, барлық негізгі қаржы-экономикалық индикаторлар бойынша өсуді көрсете отырып, қойылған барлық міндеттерге қайтадан қол жеткізді.
Өздеріңіз білетіндей, бірінші тоқсанда, қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде біз абоненттерді қолдау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық. Осындай қадамдарды қабылдап, біз қыркүйек айының басында ауқымды орман өрттерінен зардап шеккен Қостанай облысы Әулиекөл ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлерін қызметтер үшін абоненттік төлемнен босаттық. Сонымен қатар, 2022 жылды біз қызметкерлерді әлеуметтік қолдау жылы деп жариялап, Компания өз қызметкерлерінің әл-ауқатын көтеруге және қолдауға айтарлықтай қаржы ресурстарын бағыттады. Компанияның әлеуметтік жауапкершілігі мен тұрақты дамуы құндылығы мен стратегиялық басымдығы біз үшін маңызды және солай болып қала береді. Біз 2023 жылы «Қазақтелеком» АҚ-да жауапты тәжірибелерді одан әрі дамытуға ықпал ететін Тұрақты даму стратегиясын бекітуді жоспарлап отырмыз.
Мұның бәрі жылдың басында және ортасында қаржылық көрсеткіштерімізге әсер етті, дегенмен оның қорытындысы бойынша біз барлық теріс ауытқуларды толығымен жойып, S&P Global Ratings және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктері атап өткендей, таза пайда бойынша көрсеткішті айтарлықтай жақсарта алдық. Бұл әлемдік нарықтың беделді ойыншылары 2022 жылы біздің рейтингімізді «Тұрақты» деп бағалап, түсімнің одан әрі органикалық өсуін болжап, өз бағалары мен болжамдарының кепілі ретінде Компанияның қаржылық тұрақтылығының жоғары екендігін мойындады.
Нәтижесінде «Қазақтелеком» бүгінгі күні тіркелген телефония, интернетке кең жолақты қолжетімділік, ұялы байланыс, ақылы теледидар және IT-өнімдер саласындағы барлық сегменттерде қызметтер мен сервистердің кең спектрін ұсына отырып, Қазақстанның телекоммуникациялық нарығының сөзсіз көшбасшысы болып қала береді.
2022 жылы қабылданған барлық стратегиялық шешімдер сіздердің назарларыңызға қуана ұсынып отырған Жылдық есепте жазылған. Онда Компанияның қаржылық және техникалық қызметі бағаланатын негізгі индикаторлар көрсетілген. Ондан нарықтың әртүрлі сегменттеріндегі біздің қызметіміздің талдауын, сондай-ақ жобалар мен міндеттердің іске асырылу барысы туралы есепті таба аласыз. Менің ойымша, олардың ішіндегі ең мәнді және маңыздыларына қысқаша тоқталамын.
Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылдың желтоқсанында «МТС» ЖШС және «Кселл» АҚ операторларының консорциумы бесінші буын байланыс стандартын күшейтуге арналған жиілік аукционында жеңіске жетті. Бұл компаниялар енді байқау шарттары бойынша 2027 жылға дейін бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам 5G базалық станциясын ор, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкенттегі 486 базалық станция 2023 жылы пайдалануға беріледі.
Бұдан басқа, «Қазақтелеком» АҚ өткен жылы AzerTelecom компаниясымен «Әзірбайжан-Қазақстан» бағыты бойынша Каспий теңізінің түбімен өтетін талшықты-оптикалық желі құрылысы бойынша ең күрделі халықаралық жобамен жұмыс істеу туралы келісімге қол қойды. Бүгінгі таңда болашақ су асты желісінің HLD (high-level design) жоғары деңгейлі дизайны әзірленіп, жобаны іске асырудың нақты жол картасы бекітілді, ал зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Каспий түбінде «оптиканың» тікелей құрылысы жүргізіледі. Негізгі бағыт Ақтаудан Әзірбайжанның Сиазанына дейін өтеді және 340 км-ден асады, ұзындығы 330 км-ге жуық резервтік арна қазақстандық Құрық портынан Баку маңындағы Бузовна пунктіне дейін салынады.
Транскаспий жобасы Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды деп санаймын, өйткені оны іске асыра отырып, біз қосымша халықаралық трафикке шығамыз және Азия елдерінен Қазақстан аумағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзірбайжанға, одан әрі Грузия, Қара теңіз және Болгария арқылы Еуропаға шығатын жаһандық трафиктің транзитін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа арнаға қол жеткіземіз. Сонымен қатар, жоба жаңа цифрлық телекоммуникациялық дәлізді құруды жеделдетуге драйвер болады және деректерді берудің жоғары жылдамдықты және қорғалған инфрақұрылымын дамытудың жоғары деңгейіне шығуға көмектесіп, Компанияның да, тұтастай алғанда елдің де сауда және басқа да байланыстарын нығайтуға қызмет етеді.
Біз 2022 жылы Akamai, Facebook, Google, Cloudflare, Netflix, Meta әлемдік контент-провайдерлерінің қосымша кэштеу серверлерін орнаттық және абоненттерді ескірген ADSL деректер беру технологиясынан «оптикаға» ауыстырумен белсенді айналыстық: желілері толығымен жаңғыртылған алғашқы елді мекен Курчатов моноқаласы болды. Бүл жоба 2023 жылы республиканың 9 қаласында 25 мыңнан астам пайдаланушыға әсер етеді. Сондай-ақ, өткен жылы біз көпқабатты үйлердің тұрғындарын GPON технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты интернетпен, ал қалалар мен оларға жақын елді мекендердің жеке секторының тұрғындарын FWA, бекітілген сымсыз байланыс технологиясы бойынша қамтамасыз ете отырып, желілік инфрақұрылымды ұлғайттық. Біздің алдағы екі жылға арналған жоспарымызда республика бойынша 160 мыңға жуық жеке үй FWA бойынша заманауи телекоммуникациялық қызметтер мен сервистерге қосылу үшін 300-ден астам базалық станция салу бар.
Жалпы, биыл біз барлық күш-жігерімізді барлық сегменттердегі абоненттеріміз үшін ең жақсы провайдер болып қалуға бағыттаймыз және ол үшін бізде қажеттінің бәрі бар. Біздің Компанияның сөзсіз және бәсекелік артықшылығы республика бойынша 85 мың км астам талшықты-оптикалық желіні, 14 мыңнан астам базалық станцияны, 27 деректерді өңдеу орталығын және 40 мың қалалық бейнебақылау камерасын қамтитын дамыған инфрақұрылым болып табылады. Мұның бәрі бізге кең жолақты мүмкіндік секторында 1,9 миллионнан астам абонентке, ұялы байланыс сегментінде 14,5 миллионнан астам абонентке сапалы қызмет көрсетуге және 930,7 мың ақылы теледидарға қосылу нүктесіне қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, Директорлар кеңесінің, Басқарманың барлық мүшесі мен Компанияның барлық қызметкеріне олардың кәсібилігі, жемісті және командалық жұмысы, адалдығы мен жанкештілігі үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді.
Қ. Есекеев
«Қазақтелеком» АҚ-ның Басқарма төрағасы